$ 446.49  475.38  4.79

Ресейдегі зауытта жарылыс болып, 16 адам қаза тапты

Алдын ала мәлімет бойынша, Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары өрт технологиялық процестің бұзылуынан шыққанын айтқан.
Фото: ria.ru
Фото: ria.ru

22 қазанда таңертең Рязань маңындағы "Эластик" зауытындағы цехта жарылыс болды, қаза тапқандар бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.

Оқиға туралы жергілікті уақыт бойынша сағат 8.22-де хабарланған. Бұл кезде ауысым қызметкерлері енді ғана жұмысқа кіріскен, ал ғимаратта 17 адам болған. Қазіргі уақытта олардың 16-сы қаза болғаны белгілі.
Жарылыстан кейін басталған өртті сөндіру үшін 170 адам мен 50 техника жұмылдырылған. 160 шаршы метр аумақты шарпыған өрт сағат 09.45-те оқшауланған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары өрт технологиялық процестің бұзылуынан шыққанын айтқан. Алайда жарылыстың нақты себебі мен мән-жайын мамандар анықтауы тиіс.

Әзірше ауысым жұмысшылары техниканы қосқаннан кейін жарылыс болғаны ғана белгілі.

Зауыттың ресми сайтында компания алты жыл бұрын банкрот болғаны және 2017 жылдан бері жұмыс істемейтіні көрсетілген. Төтенше жағдайлар қызметі мәліметінше, шеберхана жарылғыш заттарды өндіру және сақтау, оқ-дәрілерді жоюмен айналысатын компанияға тиесілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#зауыт #Ресей