Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Марат Ахметжанов жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әкімдік таратқап ақпарат бойынша, Кеңеске Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық қатысты.
Кеңеске қатысушыларға жылы лебіз білдірген Алматы әкімі Б. Сағынтаев мегаполистің дәстүрлі түрде еліміздің білім беру орталығы болып табылатынын, онда 180 мыңға жуық оқушы жастар – ЖОО студенттері бар екенін атап өтті.
Осыған орай жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
«Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру білім беру саласы қызметінің сапасын, тиімділігін бағалауда маңызды критерий болып табылады. Қаланың барлық аудандарында «Adaldyq alańy» фронт-офистері жұмыс істейді. ЖОО-мен бірлесіп «Саналы ұрпақ» және «Парасат» жобалық офистерін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Барлық жоғары оқу орындарында еріктілер «Адал көмек» және «Акселератор мейірімі: Ізгілік елшісі» тақырыптарында білім алушылар үшін заңгерлік кеңестер өткізеді», - деп хабарлады Б. Сағынтаев.
Кездесуде жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында негізгі проблемалық мәселелер талқыланды, сондай-ақ жұртшылықты кеңінен тарта отырып, сарапшылық қоғамдастығы арасында белсенді талқыланатын 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
«Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық мемлекеттің болашағына тікелей қауіп төндіреді. Оның алдын алатын құралдар бар, тек оларды пайдалану керек. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – оны азайту және жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдау. Жоғары оқу орындарынан адал еңбекті бағалайтын және өз отанына қамқорлық көрсететін еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеп шығару», - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы.
Сонымен қатар, кеңесте еліміздің университеттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу және студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның аумақтық бөлімшелері университеттер құрылымында көрсетілген қызметтерді ашу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтының жұмысын ұйымдастыру бөлігінде барлық мүмкін әдіснамалық көмек көрсететін болады.
Кездесудің «ашық диалог» түріндегі форматын ескере отырып, ғылыми қоғамдастық пен ЖОО басшылығы білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша өз пікірлері мен идеяларымен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар бірлескен жұмыстың жоспарлары мен жобаларын талқылады.