Ақтөбеде терроризмді насихаттап, жұрттан ақша бопсалаған және адам ұрлаған үш қылмыскерге сот үкімі шықты деп хабарлайды Informburo.kz.
Сот үкімі бүгін Ақтөбе қалалық сотының ғимаратында оқылды. Айыптылар Нұрлан Өмірбеков 12 жылға бас бостандығынан айрылса, Руслан Жаңажанов пен Руслан Бердешовтің әр қайсысы 8 жылға қамалатын болды. Олардың бәрі жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейді және мүліктері толық тәркіленеді.
Нұрлан Өмірбековке үкім шығарарда судья оның бұған дейін де істі болғанын ескерді. 2011 жылы ол жазасын өтеп жүріп радикалды діни ағымның қатарына кіріп кеткен және экстремизм мен терроризмді насихаттаған. 2015 жылы Өмірбеков мерзімінен ерте түрмеден босатылып, Ақтөбе қаласына қайта келеді. Мұнда ол салафилік көзқарасын интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, жастарды улауға атсалысқан. Кейін Түркияда тұратын "Ясин" деген адаммен танысып, сол арқылы Сирияға кетуді жоспарлапты. Алайда, жолына ақша керек болғандықтан, қарапайым тұрғындарды бопсалаған.
Атап айтқанда, Н.Өмірбеков Руслан Жаңажанов пен Руслан Бердешовті жанына алып, кісі ұрлайды. Оны босату үшін 5 миллион теңге талап етіпті. Жәбірленуші Нұрлан Өмірбековтің қауіпті қылмыскер екенін білгендіктен, қорқып, 3,5 млн теңге тұратын пәтерін беріп құтылуға келіскен. Кейін ол қараусыз қалған сәттердің бірін пайдаланып, қамаудан қашып шығыпты.
Жәбірленушінің полицияға жазған арызынан кейін тәртіп сақшылары үш күдіктіні қиындықсыз қолға түсірді.