$ 494.87  520.65  4.91

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Арон Атабектің денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

БАҚ ақпаратынша, Арон Атабек қазір ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.
фото: sputnik.kz
фото: sputnik.kz

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова 15 жылдан кейін бостандыққа шыққан Арон Атабектің жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

БАҚ ақпаратынша, Арон Атабек қазір ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.

Омбудсмен бұрынғы тұтқынның қазіргі жағдайынан бейхабар екенін мойындады.

"Мен оның жансақтау бөлімінде жатқанын білмеймін, бірақ бейресми дереккөздерден оның сол жақта екенін естідім. Алайда нақты айта алмаймын, дәрігерлік құпия деген бар. Өздеріңізге мәлім, ол түрмеден денсаулығына байланысты босатылған еді", - деді Әзімова мәжіліс кулуарында.

Бұған дейін Атабектің отбасы оны толығымен ақтау, шетелге шұғыл емге ұшып шығу үшін бас бостандығын шектеу жазасын алып тастау үшін күресетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ Арон Атабектің жақындары оның түрмедегі қолжазбалары сақталған сөмкесін табуға тырысып жатыр. Туыстарының айтуынша, Алматыға ұшарда сөмкені қандай да бір себептермен Атабекке бермеген.

Арон Атабек не үшін сотталды?

Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған болатын.

"Шаңырақ" оқиғасы Алматыда 2006 жылы жазда болған еді. Сол жылы "Шаңырақ" ықшам ауданында полиция мен тұрғындар арасында қақтығыс болды. Жергілікті тұрғындар "жерді заңсыз басып алдыңдар" деп үйлерін сүруге келген полицияға қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне бензин құйып, тірідей өртеп жіберді.

Қанды оқиғадан кейін 25 адамға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылды. Олардың төртеуі ұзақ жылдарға сотталып кетті, соның ішінде Арон Атабек те бар.

Биыл қазан айында Павлодар қалалық соты Арон Атабектің жазасын денсаулық жағдайына байланысты жеңілдетті.

Сотталушының бірнеше ауруға шалдыққаны құжатпен дәлелденді. Оның бас бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуге ауыстырылды.

Арон Атабек кім?

Арон Атабек – ақын әрі диссидент. 2014 жылдың сәуірінен Павлодарда жазасын өтеді. Атабек бұл жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге салып жазалаған.

Құқық қорғаушылар Атабекті "саяси тұтқын" деп таныды, ал сот процесі мен үкімді саяси тапсырыс деп атады. Арон Атабек өзі кінәсін мойындаған жоқ және рақымшылық жасау туралы өтініштен бас тартты.

2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы өнер иесі" номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілді. Сол жылы қарашада сыйлық Каир қаласында Атабектің туыстарына табысталды.

Биыл 31 қаңтарда Арон Атабек 68 жасқа толды. Ақтөбеде азаматтық белсенділер ақынның туған күнінде наразылық акциясын өткізіп, биліктен оны босатуды талап етті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Арон Атабек