Өртпен күрес мамандарының тілсіз жаумен алысқандарына 3 күннен асса да нәтиже шамалы, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
— Оған өрт ошағының биікте орналасуы себеп, — дейді мамандар.
Ақсай шатқалының 17 және 18 кварталындағы өрт 26 күні түскі сағат 12 шамасында басталған. Қазір аталған аумақтың басым бөлігінде өрт сөндіріліп, тек 700 шаршы метр жер түтіндеп жатыр. Өрт ошағы биікте болғандықтан, төтенше жағдай қызметкерлері едәуір кедергіге тап болып отыр.
— Апатты аумақта 3 күн бойы жұмыс істеп келеміз. Алғашқыда өртенген жер 7-8 гектарды құраған. Өртенген аумақтың көлемі қазір 700 шаршы метрге дейін азайды. Өрт ошағы биікте болғандықтан өрт сөндіру көліктері жүре алмайды. Мұнда тек өрт сөндірушілер өртті қолмен сөндіруге мәжбүр. Су тасып жүрген тікұшақтар саны екеу, — деді Алматы қаласының ТЖД ӨСҚ бөлімі басшысының орынбасары Игорь Сывороткин.
«Бүгін тілсіз жауды ауыздықтауда қалалық және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 27 техника көзі, 120 жеке құрам, үш тікұшақ пен бір ұшақ жұмылдырылған. Өрттің шығу себептері қазір анықталып жатыр. Мамандар қызыл жалынның күн райының ыстық болуынан тұтануы мүмкін емес дегенді алға тартады. Қолдағы бар ақпараттарға сенсек, зардап шеккендер жоқ», делінген телеарна сюжетінде.
Қазіргі уақытта мамандар жағдайды бақылауға алған. Өрттің шығу себептері де жақын арада анықталмақ.