Әлеуметтік желіде ер адамдардың арасындағы қақтығыстың видеосы пайда болды. Кадрдан жанжал кезінде оқ атылғанын аңғаруға болады. Куәгерлердің сөзінше, оқиға Қарағанды қаласында тіркелген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видео Instagram әлеуметтік желісіндегі sergek_karaganda тобында жарияланды. Жазбада оқиғаның Қарағандының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Майқұдықта болғаны көрсетілген. Кадрдан белгісіз ер адамдар арасында қақтығыстың орын алғанын аңғару қиын емес.
Нәтижесінде олардың бірі қару алып шығып, бірнеше рет оқ атқан. Оқиғаның неден басталғанын және жәбірленушінің жағдайы қандай екені әлі беймәлім.
Бұл жағдайға қатысты Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақпарат.
"Ағымдағы жылдың 27 қазанында сағат 22.10 шамасында 35 жастағы такси жүргізушісі мен оның 55 жастағы жолаушысы арасында төбелес болды. Факт полицияда тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Оның себептері туралы қосымша хабарлаймыз", - деді ведомство.