Павлодарда белгісіз біреулер такси көлігінің ішінен ер адамды ұрлап кеткен. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Ол туралы такси жүргізушісі 25 қазанда хабарлады. Ол белгісіз үш жігіт жолаушысын басқа көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткенін айтты.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы белгісіз біреулердің Павлодар қаласының 21 жастағы тұрғынын ұстап алып, «LADA Priora» көлігіне отырғызып, қашып кеткенін анықтады.
«Такси жүргізушісінің сипаттамасы негізінде бағыт-бағдар түзіліп, «Кездесу» жоспары енгізілді. Ер адамды іздеуге облыстың жеке құрамы мен жақын маңдағы полиция бөлімшелері жіберіліп жатыр» деп хабарлады полицейлер.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 26 қазан күні сағат 01:20 шамасында Қарағанды облысының Молодежное ауылының маңында LADA Priora көлігі табылды.
– 2000-2001 жылы туған төрт күдікті ұсталды. Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды, – деді Павлодар облыстық ІІД бастығы Нұрлан Мәсімов.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.