Атырау облысында көне Сарайшық ауылынан 15 шақырым жерде керуен сарайының қалдықтары табылды. Бұл - Сарайшықтың өркендеп, сауда орталығы болғандығының тағы бір дәлелі, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
"Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері биыл жүргізген қазба жұмыстары кезінде жебе ұштарын, айна, керамика сынықтарын, тиын сақтайтын шағын құмыра, Өзбек хан тұсындағы теңгелер мен монеталарды тапқан. Ғалымдар бұл жерде XIV ғасырда сауда керуендері тоқтайтын керуен сарайы болған деп болжайды.
"Осы жылдың маусым айында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық. Ащысай өзенінің жағасында керуен сарайы мен ауыл болғанын дәлелдейтін жәдігерлерді таптық. Көріп отырғанымыздай, көне құмыраның сынықтары мен қыш ыдыстар барлық аумақта кездеседі. Археологиялық жұмыстар енді ғана басталды. Біз бұл аумақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргіземіз", — деді Атырау облыстық тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас инспекторы Айбек Тұрарұлы.
Ғалымдар көне керуен сарайы орнын Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтары тізіміне енгізуді ұсынып отыр.