Бокстан Сербияның Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов ширек финалға жолдама алды деп хабарлайды Olympic.kz.
Чемпионаттың 1/8 айналымында Шымбергенов Германия атынан шығатын кавказдық боксшы Магомед Шахидовпен кездескен болатын. Жекпе-жек Асланбектің басымдығы айқын байқалды.
Төрешілер екі раунд қорытындысы бойынша жеңісті қазақстандық боксшыға берген.
Ал үшінші раундтың соңында Шымбергеновтің жойқын соққысынан Шахидов есеңгіреп қалды. Осыдан соң, төрешілер кездесуді дереу тоқтатып, Асланбек мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Айта кетелік, жеңімпаз есімін хабарлайтын тұста Шымбергенов қылмыс әлемінің серкесі "Дикий Арманның" ишарасын көрсетті. Бүгінгі жарыс күнінде шаршы алаңға шыққан Махмұд Сабырхан (54 келі) мен Саматәлі Төлтаев (60 келі) жеңіске жеткенін хабарлаған болатынбыз.