Ұлыбритания азаматы өз елінде әйелін қатты соққыға жыққаны үшін сотталып, кейін Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасқан Express Qazaqstan.
Бұл туралы "НеМолчи.kz" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі хабарлады. Оның айтуынша, Ли Эшфорд 2018 жылдың қазанынан 2021 жылдың тамызына дейін Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде информатика пәнінен сабақ беріп, кейін Алматыдағы НЗМ-ға ауысқан.
"2017 жылдың мамырында оны Кардифф корольдік қылмыстық соты соттап, білім беру қызметімен айналысуға тыйым салған. ҚР Еңбек кодексінің 26 бабы 2 тармағы бойынша білім беру ұйымдарында қылмыстық істер бойынша сотталған адамдар жұмыс істей алмайды. Алайда, ол бұл заңға қарамастан жұмысқа орналасқан", - деп жазады Таңсәрі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, қор қызметкерлерінің қолында үлыбританиялық мұғалімнің сотталғаны туралы анықтама, НЗМ-ға ресми жұмысқа қабылданғаны туралы анықтама, тіпті Ұлыбритания прокурорының хаты да бар екен. Жігіттің бұрынғы әйелі де қормен байланысқа шығып, Эшворд екеуінің отбасы туралы айтып берген. Әйелдің айтуынша, некедегі екі жас әуел баста бақытты болған. Араларында ұлдары бар. Бірақ уақыт өте қарым-қатынастары бұзылған.
Бірге өмір сүрген 2,5 жарым жыл ішінде ол мені бірнеше рет пәтерден қуып, бетімнен шапалақпен ұрды. Бетіме түкірді. Маған қолына түскен заттарды лақтырды, қылқындырды. Таяқ жеген кезде оған қарсылық көрсететін күшім болмады, - дейді әйел
Қазақстанда жүргенде мен екі рет полиция шақырдым. олар арыз жазбай-ақ қойыңыз деп, татуластырмақ болатын. Ақыр соңында ол мені Кардиффке алып кетті. Ал ол жақта не туысым, не танысым жоқ, - дейді жігіттің бұрынғы әйелі.
2017 жылы күйеуі тағы бір күш көрсеткенде әйелдің құрсақтағы баласы түсіп қалған. Келесі күні Эшфорд әйелін гитарамен сабап, гитараның күл талқанын шығарған. Әйелі дәлел ретінде денесінің көгерген жерлерін суретке түсіріп алыпты.
Назарбаев зияткерлік мектебіндегілер осыған қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, Ұлыбританиялық мұғалім шынымен Талдықорған қаласындағы филиалда жұмыс істеген, жұмысқа орналасарда 2018 жылдың 30 қаңтарында берілген сотталмағаны туралы анықтама ұсынған. Яғни сотталмағаны туралы анықтама оның әйелі айтып отырған жағдайлардан кейін берілген.
НЗМ жүйесінде жұмыс істеген үш жыл ішінде Ashford Lee David атты мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен адамгершілігіне қатысты шағым болмаған,
—дейді мектеп өкілдері таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, өткен аптада Алматыдағы НЗМ-да оқушы 11 қабаттан секіріп өлген еді. Қаза тапқан Сергей КИМ сегізінші сынып оқушысы болатын. Оқушылардың ойынша, қаза тапқан бала мен мектептегі куратор, психолог арасында жанжал болған.