1 қарашада Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіне (СОР26) қатысты, - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Париж келісімін ратификациялағанын атап өтті (2016 жылғы 6 желтоқсанда). Аталған құжатты жүзеге асыру үшін ҚР 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15 пайызға қысқартуға ниетті. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдады.
"Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3 пайыздан15 пайызға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20 пайыздан 38 пайызға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 миллиардтан аса ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70 пайыздан 40 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланған", - деді Мамин.
Премьер-министр 2020 жылы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өтті. ҚР Үкіметі оны іске асыру үшін энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжатты әзірлеуді аяқтауда.
Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жер мен суды пайдаланудың орнықтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарларын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылады.
Үкімет басшысы Қазақстанның орнықты даму бойынша Орталық Азияның Аймақтық климаттық хабы болуға бейілділігін растады. Бұл аймақ елдерінің күш-жігерін АХҚО Жасыл қаржы орталығының және климаттық күн тәртібімен айналысатын басқа да аймақтық ұйымдардың алаңында технологиялар трансферті, жасыл қаржыландыруды тарту, білім мен инновациялар алмасу арқылы "жасыл" экономикалық өсуді қамтамасыз етуде біріктіруге мүмкіндік береді.
СОР26 шеңберінде Қазақстан Ормандар және жерді пайдалану декларациясына, сондай-ақ Жастарға білім беру және оларды тарту міндеттемесіне қосылды.
Әлем көшбасшылары саммиті кезінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Финляндия Президенті Саули Ниинестёмен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен, Латвия Президенті Эгилс Левитспен, Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен, Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен және АҚШ Президентінің климат мәселелері жөніндегі Арнайы уәкілі Джон Керримен кездесу өткізді.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясына (Женева қаласы, 2021 ж. 30 қараша-3 желтоқсан) төрағалық етуге дайындығы аясында ҚР премьер-министрі Мамин ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен және Ұлыбританияның Мемлекеттік сыртқы сауда министрі Энн-Мари Тревельянмен кездесті.
Сапар және екіжақты кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі үкіметтерінің стратегиялық серіктестік және климаттың өзгеруіне қарсы әрекет ету жөніндегі бірлескен күш-жігер туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Құжат қоршаған ортаны қорғау, экономиканы декарбонизациялау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, "жасыл" қаржыландыру, ормандарды сақтау, жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру және т. б. салалардағы Қазақстанның әлеуетін іске асыруды көздейді.
"Қазақстан тәуелсіздік алған және дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан мен Ұлыбритания өз байланыстарын өзара сенімге, ортақ құндылықтар мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік серіктестікке айналдырды", - деп атап өтілген бірлескен мәлімдемеде.