Елорданың полиция бөліміне 32 жастағы жергілікті тұрғындардың бірі келіп, белгісіз біреудің ақшасын алдап алғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тергеу барысында жәбірленуші автокөліктерді сату сайтынан «Тойота Камри 70» маркалы көліктің 12 млн теңгеге сатылып жатқаны туралы жарнаманы көргені анықталды. Сатушысы көлігін шұғыл ақша қажет болған соң арзан бағаға сатып жатқанын айтқан. Көлікті қарап шыққан жәбірленуші оны 11 млн 700 мың теңгеге сатып алмақ болып, келісіп, сол мезетте 11 млн теңгесін береді. Ал күдікті көліктің кілтін табыстап, машинаны қалған соманы берген соң қайта рәсімдеуге уәде еткен.
Тергеу кезінде алаяқтың аталған көлікті жалға алып, кейін сатылатыны туралы хабарландыру бергені анықталған.
Елорда полицейлері жедел-іздеу шаралары барысында бұрын сотталған 36 жастағы ер адамды Алматы қаласынан ұстады. Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі кезде полицейлер күдіктінің әрекетін зардап шеккен адамдарды анықтау үстінде.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды көлік сатып алу кезінде құжаттарға мұқият болу қажеттігін ескертеді.