04.11.2021, 13:00

«TikTok қасіреті»: Анасы 10 жастағы ұлын пышақтап тастаған

Фото: ашық дереккөз
Дәрігерлерді үйдегі қан-жоса жағдайды көрісімен, баланың атасы шақырған. Күдікті ұсталды

Алматы облысының Іле ауданында 37 жасар әйел 10 жасар баласын пышақтап тастады. Бала өте ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Оқиға Өтеген батыр ауылында болды. Instagram-дағы angry_taldyk парақшасында оның тик-токтың қорқынышты кейіпкерлерінен жасырынып жүргенін айтқаны туралы жазылған. Әйел ұлын сол кейіпкерлердің бірімен шатастырып, пышақ ала жүгіріпті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 10 жасар балаға бірден операция жасалғанын хабарлады. Бірақ жағдайы әлі де ауыр.

Арқа, мойын, қолын тілгілеп тастаған. Бірнеше жерден жарақаттанғаны анықталды. Бірден операциялық блокка ауыстырылды. Операция сәтті өтті, - делінген денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Дәрігерлерді үйдегі қан-жоса жағдайды көрісімен, баланың атасы шақырған. Күдікті ұсталды. Қазір полиция бөлімінде отыр.

"Оған қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалды, бұлтартпау шарасын таңдау және оны психологиялық диспансерге орналастыру туралы мәселе шешілуде. Заттай дәлелдемелер мен қылмыс құралы — пышақ тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі", —деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған іске байланысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы (денсаулыққа қасақана зиян келтіру) бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды. Тергеу барысында істің мән-жайы толық анықталады.