Алматы облысында анасы бірнеше жерден пышақтаған баланың жағдайы ауыр. Дәрігерлер есін жиды дегенімен, біршама уақыт жансақтау бөлімінде ем қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Асқар Қалиев 10 жасар баланың кеше қандай пышақ жарақатымен түскенін айтып берді.
“Арқа, сол жақ қолы мен мойнын жарақаттаған. Әсіресе мойын тұсында кеңірдегі мен қалқанша безі пышақталыпты. Дереу операция жасалды. Бала есін жиды, бірақ әлі де әлсіз. Жағдайы ауыр. Бала біраз уақыт жансақтау бөлімінде жатады. Жағдайы бері қарағанша ем-шара жүргізіледі. Ауруханаға ұлының жағдайын сұрап әкесі ғана келіп жүр”, – дейді Асқар Қалиев.
Еске сала кетсек, Алматы облысы Өтеген батыр ауылында әйел 10 жасар баласын өлтірмек болды. Бірнеше пышақ жарақатын алған бала 3 қараша күні қалалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын.
Қазір баланың анасы полиция бөлімінде. Оған қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалып, психологиялық диспансерге орналастыру туралы мәселе шешілуде. Тергеу жұмыстары жалғасуда.