$ 494.87  520.65  4.91

Уәде әлі орындалған жоқ: депутат Маминнің назарын маңызды мәселеге аударды

Депутат бұл мәселені шешу шекара бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектен арылуға және өңірдің экономикалық өсуіне жаңа серпін беретінін атап өтті.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Сенат депутаты Нариман Төреғалиев үкіметтен Батыс Қазақстан облысындағы шекаралық өткізу бекеттерінің мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатор депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдады.

Депутаттың айтуынша, 2016 жылы қазанда өткен ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту, сондай-ақ "Фомин" және "Молодость" жеңілдетілген өткізу пунктерінің мәртебесін екіжақты автомобиль өткізу пунктіне өзгерту туралы тапсырма берді. Бұл шаралар барлығы 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін жүзеге асырылуға тиіс еді. Алайда тапсырма орындалған жоқ.

"Осыған байланысты сенаторлар бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады. Өкінішке қарай, үкімет берген уәделер әлі орындалған жоқ", - деді Төреғалиев сенат отырысында.

Депутат бұл мәселені шешу шекара бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектен арылуға және өңірдің экономикалық өсуіне жаңа серпін беретінін атап өтті.

Сол себепті сенатор үкіметтен мына мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады:

Жәнібек ауданының "Жәнібек-Вишневка" өткізу пунктіне көп жақты халықаралық өткізу пункті мәртебесін беру;

Бөкей ордасы ауданының "Молодость-Верхний Баскунчак" және Казталов ауданының "Фомин" өткізу пунктеріне екі жақты автомобиль өткізу пункті мәртебесін беру;

Өнеге-Бисен-Сайқын республикалық маңызы бар тас жолын Сайқын-Шоңай-Молодость (50 км) шекара белдеуіне дейін ұзартып, Қазавтожол есебіне беру арқылы жергілікті маңызы бар жолдан республикалық маңызы бар жол мәртебесіне ауыстыру.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары