Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов Белградтағы әлем чемпионатының финалына шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Жүсіпов жартылай финалда Беларусь өкілі Евгений Кармильчукпен жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы төрешілер шешімімен 5:0 есебімен жеңді.
Бұған дейін Теміртас Жүсіпов сербиялық Омер Аметовичті, кейін өзбекстандық Нодиржон Мирзахмедовті жеңген болатын.
Жүсіпов Қазақстанның әлем чемпионатындағы алғашқы финалисі болып отыр. Жартылай финалда рингке әлі төрт боксшымыз шығады.