Алматыда халықаралық емтихандарда бірегей рекорд орнатқан 20 жастағы Ақназар Қажымұрат қайтыс болды. Аталған ақпарат ztb_kz Instagram парақшасында жарияланды.
Ақназар 2018 жылы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдап, Гарвард университетіне оқуға түскен.
Ол ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарында 36-дан 36, 2400-ден 2400 ұпай жинап, бірегей рекорд орнатқан. Сонымен қатар, ең танымал математика және физика олимпиадаларының жеңімпазы атанған. Жақында ата-анасы Ақназардың ұшты-күйлі жоғалып кеткенін айтып дабыл қақты.
"Қажымұрат Ақназар Арманұлы 2001 жылдың 14 тамызында дүниеге келген. Ол 2021 жылдың 3 қарашасында Алматыда кездесуге кеткен.
Соңғы рет 3 қараша күні сағат 20:27- де әжесімен телефон арқылы тілдескен",- делінген хабарламада. Студент Алматы қаласында академиялық демалыста жүрген. Қалалық полиция департаменті іздестіру жұмыстары аясында іздеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
ПД криминалды полиция қызметкерлері жігіттің мәйітін Бостандық ауданы аумағынан тапты. "Оның денесінде азаптау белгілері болған жоқ. Өлім себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Істің мән-жайы анықталып жатыр",- деді полицияда.