Шымкент қаласында 4 қараша күні болған дауылдан кейін мегаполис аспанында шаңды тұман жиналған. Мамандардың сөзінше, спутниктермен бақылағанда Шымкент қаласында және Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Түркістан-Ташкент қалаларының арасында шаңды дауыл әлі күнге дейін сақталып тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Түркістан облысы «Қазгидромет» орталығына хабарласып, облыстағы экологиялық жағдайдың орын алу себебін сұрадық. Кезекші маман Әсия Кисетаеваның айтуынша, тұманның ылғалды қасиеті қалқымалы бөлшектерді жинап алып отыр.
«4 қараша күні облыс аумағы мен Шымкент қаласында тұрған қатты желдің әсерінен, қалқымалы қалыпты бөлшектер атмосфера қабатына көтерілді. Жел екпіні бәсеңдегеннен кейін және оңтүстіктен жылы ағымның біздің аймаққа жылжуының әсерінен, таңертең Түркістан облысының Қазығұрт ауданы мен Шымкент қаласына тұман түсті. Тұманның бірден-бір қасиеті осы атмосфераға көтерілген қалқымалы бөлшектерді өзіне жинайды және ол тұманмен бірге жер бетіне түседі. Тұман сейілгеннен кейін қалқымалы заттар тез кете қоймайды. Өйткені күн сәулелерінің әсерінен ауада біраз қалқып тұрады. Бүгінгі шаң кешегі дауылдың салдарынан болып отыр», - деді маман.
«Қазгидрометтің» лаборатория бөлімінің басшысы Гүлнар Мәуленова «шаңның салдарынан халықтың тыныс алу жолдарына зиян келеді» деп отыр.
«Шаңның кесірі халықтың тыныс алу жолдарына зиян келтіреді. Ауа ластануынан бронхит, демікпе ауруларының қозу ықтималы жоғары. Қазір экологтар «Қандай боран болды, желдің жылдамдығы қанша болды, мұндай жел қайдан келді, атмосфера қабаты қашан қалпына келеді» деген сұрақтармен айналысып жатыр. Ал, мұндай жағдайдан «қалай қорғану керек?» деген сұраққа қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жауапты», - деді маман.