Петропавлда негізгі көпірді жөндеп жатқан мердігерлер бетон плиталардың үстіндегі шұрық-тесікті картонмен жамап қойған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Мұны көрген тұрғындар жауапты кәсіпорынды сынға алып, жұмыстың сапасына күмән келтіріп отыр.
Оларды "Қағаздан құрастырылған көпір ертең жүк көліктеріне шыдас бере ме?" деген сұрақ алаңдатады. Ал мердігер жұмыс техникалық талапқа сай жүргізіліп жатқанын айтады.
Еске салайық, Жұмысшы кентіндегі көпір 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Жаңғырту жұмыстарына жарты миллиард теңге жұмсалған. Бірақ, бірнеше жылдан кейін нысанның тіреуіштері бір-бірінен алшақтап, бетон плиталар сөгіле бастады. Сондықтан биыл бюджеттен тағы қомақты қаражат бөлініп, жөндеу басталған болатын.
“Біз қолайлы күн райын пайдаланып, тез арада асфальт төседік. Қиыршық тастар көпірдегі тесік арқылы поездардың үстіне түспеу үшін уақытша картон төсеп қойдық. Тесіктердің орны қайтадан ашылады. Ол жерге 1 миллиметрлік латунь мен 20 милиметрлік темір жабынды орнатып, бетон құямыз. Үстінен қайтадан асфальт төсейміз. Жұмыстың барлығы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр”, – дейді мердігер компанияның директорының орынбасары Александра Найман.