Белградта өткен Әлем біріншілігінде жеңіске жетіп, чемпион атанған Сәкен Бибосынов бапкерінің сіңірген еңбегі жайлы айтып берді. Боксшы мен оның бапкері Мырзағали Айтжанов елге орала салысымен, Қазақстан ұлттық арнасының "Таңшолпан" бағдарламасына сұхбат берді.
Сәкеннің айтуынша, Мырзағали Айтжанов әр жекпе-жек кезінде неше түрлі сөздермен оны жігерлендіріп, рухтандырып отырған. Бибосынов әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының күміс-қола жүлдегерлерін тәрбиелеген Айтжановтың есімі Қазақстанның бокс тарихында алтын әріптермен жазылуы тиіс, деген пікірде.
"Мысалы, Хасанбай Досматовпен шықтым. Ол - Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері. Сонда бапкерім: "Сен одан мықтысың, оның бокстаспағанына қанша жыл болды?! Өзі салмақ қуып шаршап жүр" деп қуантып қояды. Өзіңді мықты сезініп қаласың.
Шаршы алаңда шаршап қалсаң: "қарсыласың онда өлді" дейді. Ол кезде тағы бір күшейесің. Жігерлендіретін қаншама сөздері бар. "Төбелес, 1 мен 2 раундта теңесіп тұрсаң, 3-ші раундта жұлып алу керек" деп айтады", - дейді Сәкен Бибосынов.
Өз кезегінде Мырзағали Құланұлы финалда жеңіске жете алмаған боксшылар мен олардың бапкерлерінің негізгі қателігін атады.
"Көбісі, алатын сыйақысын ойлап, іштей жанып кетеді. Қалай да алуың керек деп, ондай әрбір елде болады. Бізде де ондай қателіктер болған шығар. Ал енді осындай кезде мен: "Финал, ешнәрсе қылмайды. Шық та өзіңді көрсет, мықты ойна, қатты ұтамын деп тырысып қалма. Сен нағыз боксты, тәжірибені, шеберлік, айла-тәсіліңді көрсет. Рахаттанып бокстас. Төрешілер өздері-ақ береді жеңісті", - дедім ғой", - деді Айтжанов.
Бапкер әлем чемпионатынан 5 бірдей боксшының жүлдемен оралуын үлкен жетістікке балады. Ал Сәкен Бибосынов алдағы жылы өтетін Азия ойындарына, одан кейін келесі Олимпиада ойындарына бар күшін салатынын атап өтті.
"Токиода кеткен есемді қайтарып, бұйырса Парижде күмісті алтынға айырбастаймын", - деді ол.
Сәкен кәсіпқой боксқа ауысу әзірге жоспарында жоқ екенін жеткізді.