09.11.2021, 18:20

Қостанайда қызметтік көлігіне жалған нөмір таққан полиция басшысы отставкаға кетті

Фото: stan.kz
Аталған фактіге қатысты Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Қостанай облысының Сарыкөл ауданында полиция бөлімінің бастығы Қайрат Әбдіқалықов жалған нөмірі бар жұмыс көлігін пайдаланғаны түсіп қалған видеодан кейін отставкаға кетті, деп хабарлайды Stan.kz. 

Өткен айдың басында оқырмандар аудан прокуроры Асқар Сыздықов мініп жүрген Chevrolet Niva маркалы көліктің фотосын жіберген. Рөлде прокурордың өзі отыр. Ал мемлекеттік тіркеу нөмірі "787 ELA 10" болған. Тағы бір фотода тура сол көлік, бірақ қызмет бабымен жүргенде оның нөмірі басқаша - 044 РК 10.

Ал қарашаның соңында аудандық полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіқалықовтың SsangYoung маркалы қызметтік көлігі суретке түсіп қалды. Рөлде отырған адамның беті дұрыс көрінбейді, ал мемлекеттік тіркеу нөмірі прокурордың көлігімен бірдей - 787 ELA 10. Шын мәнінде, қызметтік көліктің нөмірі ондай емес. Аудан тұрғындарының айтуынша, шенеуніктер жеке шаруалармен шыққанда 787 ELA 10 нөмірін тағып алады.

Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаевтың айтуынша, SsangYoung маркалы көлік бойынша қызметтік тергеу жүргізіледі. Рөлде отырған адам анықталмады. Себебі бет-әлпеті дұрыс көрінбейді. Полиция басшысы екенін де дәлелдеу қиын. Тексеріс кезінде жалған нөмірлер табылмады. Ал Әбдіқалықов пен оның жүргізушісі тағылған айыппен келіскен жоқ.

Аталған фактіге қатысты Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Ведомствода хабарлағандай, ІІМ-де полицияны реформалау аясында басты басымдық белгіленген. Ол – жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті сақтау.

"Youtube-те жарияланған видео бойынша Қостанай облысының ПД Сарыкөл ауданының полиция бөлімінің бастығы Қайрат Әбдіхалықовтың заңсыз әрекеті туралы қызметтік тергеу жүргізілді. Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Сарыкөл аудандық ПБ полиция қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапқа тартылды", - деп хабарлады полиция агенттік тілшісіне.

Сонымен қатар, жүргізушіні әкімшілік жауапқа тарту үшін материал Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасына жолданды.

"Осыдан кейін Сарыкөл ауданының полиция бастығы Қайрат Әбдіхалықов қызметінен босату туралы баянат жазды", - деп толықтырды полиция департаментінің баспасөз қызметі.