$ 443.85  474.3  4.8

Мыңға тарта мас жүргізушінің бірде-бірі жол апатын жасамаған

Арнайы өткізілген акция нәтижесінде елімізде 3 күн ішінде мас күйінде көлік жүргізген мыңға тарта жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «Интерфакс».

25 - 27 шілде аралығында жүргізілген «Мас жүргізуші - қылмыскер» атты акция барысында 29 мың жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Бұл жөнінде ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Оның ішінде, 3 800 мәрте жылдамдық арттыру фактісі анықталса, 234 рет қарсы бағытқа шығып кету дерегі тіркелген. 3 мың адам телефонмен сөйлесіп отырып көлігін басқарған, терезелерін қараңғылап алу жағдайы 860 көлікте байқалған. 2 900 рет жаяу жүргіншілер жолағына қатысты ереже бұзылса, 158 жағдайда жүргізуші куәлігі болмаған.

Сонымен қатар, республика аумағында 3 күн ішінде 166 жол апаты тіркеліп, салдарынан 23 адам қаза тауып, 223 адам әр түрлі жарақат алған.

Бір қызығы, таратылған хабарламада келтірілгендей, «арнайы шара барысында еліміздің аумағында көлігін мас күйінде айдаған жүргізушілердің кінәсінен ешқандай да жол апаты тіркелмеген».

Айта кетейік, жыл басынан бері полиция қызметкерлері 10 700 мәрте көлігін алкогольге және есірткіге мас күйінде жүргізу фактісін анықтаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары