"Қазақстан Халық партиясы" Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартуға шақырды. Депуттар өз ұсыныстарын премьер-министр Асқар Маминге жолдаған, деп хабарлайды Stan.kz.
"Қазақстан Халық партиясының" бұл ұсынысы бірнеше бөліктен тұрады. Олар премьер-министрге жолдаған хатта мынадай мәселелерді көтерді:
- Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің дәрежесін әскерилермен теңестіру;
- Құтқару қызметі мүшелерінің зейнет жасын төмендетіп, жұмыс бабы бойынша көшкенде, тұрғылықты орнын ауыстырғанда жүк тасымалына төленген ақшаны қайтару;
- Жұмыстың қауіптілігіне қарай қосымша үстемақы төлеу.
Қазақстанда 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтық қорғаныс органдарының әскери қызметкерлері мен жұмысшылары жалақысын кезең бойынша көтере бастаған.
Халық партиясының өкілдері жалақының өскеніне қарамастан елде әлеуметтік маңызды тауарлардың қымбаттауы байқалғанын айтады. Өрт сөндірушілердің орта жалақысы 154 114 теңге болса да, бұл қаржының барлық қажеттіліктерді өтеуге жетпейтінін мәлімдеді.