$ 449.58  486.94  4.86

Қазақстанда шахтерлерді зейнетке ерте шығару ұсынылды

Бұл бастаманы «Ақ жол» партиясының депутаттары көтерді.
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Мәжілісте "Ақ жол" партиясының депутаттары шахтерлердің зейнетке шығу жасын бұрынғы қалпына келтіруді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz.

Депутаттар Қарағандының "Абай" шахтасында болған трагедияны еске алып, қаза болған шахтерлердің отбасына көңіл айтты. Зардап шеккендердің тезірек айығып кетуін тіледі. 

"Бүгінде осы қауіпті кәсіппен айналысатын жұмысшылардың көпшілігі зейнет жасына жетпей, түрлі ауруға шалдығып, жұмыс істеу қабілетін жоғалтады. Көбісі зейнет жасына да жетпей жатады. Осыған байланысты "Ақ жол" депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да кәсіптер үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды", - деді депутат Мақсат Раманқұлов.

Депутат осыған ұқсас сұранымға еңбек министрлігінің берген жауабын еске алды. Министрлік ауыр жұмыс істейтін азаматтар 40 жастан бастап зейнетақы аннуитетін пайдалана алатынын жеткізген. Алайда төлемдер 50 жастан бастап жасалады. Оның үстіне, төлемді алу үшін 6 миллион теңге көлемінде минималды жеткіліктілік шегін орындау керек. Оған қоса, кемі 5 жыл зейнетақы аударымдарын жүргізу керек. 

"Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 22 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескерсек, 18 жастан бастап зейнетақы жинағын жасай бастаған азаматтар бүгінде 40-қа келіп отыр. Ал олардың жинағы аннуитетке шығуға қажетті сомадан 3 есеге аз. Жарайды, қажетті соманы жинаған күннің өзінде 40 жаста аннуитет алса, кәсіптік аурулары бар адам тағы 10 жыл қалай өмір сүреді? 50-ге дейін өмір сүрмесе, уәде етілген "жоғары төлемдердің" қажеті қанша?", - деп түйіндеді Раманқұлов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары