Бүгінгі таңда Достық үйлері әлеуметтік және азаматтық бастамалардың қайнар көзі болып отыр. Олар халықпен жұмыс істеп қана қоймай, этномәдени бірлестіктер үшін мәдени және әдістемелік орталыққа, бірлік идеясын тарататын, этносаралық келісімді нығайтып, қазақстандық патриотизмді насихаттайтын, ұлт бірлігін сақтауға бағытталған жобаларға қаржылық-әдістемелік көмек көрсететін, маңызды мәдени-бұқаралық шаралар өткізетін орталыққа айналған. Ұйымның мақсат-міндеттері жалпыұлттық бірлікті сақтауға, этникалық топтардың салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтауға, этносаралық толеранттылықты қалыптастыруға, Ассамблеяның мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған, деп жазады Skifnews порталы.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Достық үйлері елдің барлық өңірінде ашылған. Республика бойынша 12 облыстық, 7 қалалық және 13 аудандық Достық үйі жұмыс істеп тұр. Республикалық Достық үйі Алматы қаласында. Бұл Достық үйінің ғимаратында 29 этномәдени бірлестік, мемлекеттік тіл мен әр этностың ана тілін үйрететін кабинет, «Достық-Дружба» журналы, «Қазақ тілі» халықаралық қауымдастығы орналасқан.
Ал әр облыстағы ұлттық-мәдени орталықтар Достық үйі атты бір шаңырақ астына бірігіп, өнімді жұмыс атқаруда. Олар ұлтаралық келісім мен татулықты нығайып, Қазақстан Халқы Ассамблеясының стратегиясын жүзеге асыруда. Бүгін біз бірнеше облыстағы Достық үйлерінің жұмысына тоқталмақпыз.
Ақмола облысының Достық үйі Көкшетау қаласында орналасқан. Бүгінде қала халқы жиі келетін мекемелердің біріне айналған. Мұнда жас, кәрісіне қарамай түрлі ұлт өкілдері келіп, шығармашылық жұмыстарымен айналысады. Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының жұмысы үшін барлық жағдай жасалған. Акт залы, жақсы жабдықталған сахна, дайындық және би аудиториясы бар. Облыста вокал-хор ансамблі, аспаптар ансамблі, би ұжымдары бар. Атап айтқанда «Русская песня», «Казачьи песни» халық ансамблі, «Ақ әжелер» вокал ансамблі, «Виталинка» вокал студиясы, «Ғалия Бану», «Поляне» фольклор ансамблі, кәріс барабаншыларының квартеті, «Питулги» би ансамблі, «Улыбка» балалар би ансамблі, «Зодиак» би ұжымы бар.
Алматы облысының Достық үйі 2008 жылы Талдықорған қаласында ашылды. Бүгінде бұл шаңырақта этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Себебі Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы – Отан тағдыры. Бұл – ертеңгі күнге деген сенімділік. Облыста жалпы саны 23 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұрса, аудандар мен қалаларда олардың 71 филиалы бар. Бұл облыста ұрпақ сабақтастығына баса мән берілген. Оған мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған «Ұлағат» атты ақсақалдар кеңесі мен «Бірлік» атты жастар ассосациясы дәлел.
Қостанай облысындағы Достық үйі 2006 жылдың қыркүйегінде есігін айқара ашты. Достық үйінің ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Жалпы аумағы 1024 кв. метрді құрайтын Достық үйінде шығармашылық жұмыспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Мұнда 16 ұлттық-мәдени орталық біріккен. Әр орталыққа жеке кеңсе, қажетті құрал-жабдық берілген. 120 орындық конференц-залы бар. Барлық ұлттық-мәдени орталықтар Қазақстан Халқы Ассамблеясының стратегиясын жүзеге асыруға жұмылдырылған. Мұнда түрлі халықтардың мәдениеті мен әдстүрін сақтауға және насихаттауға бағытталған фестивальдер, конкурстар мен көрмелер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Ақтөбе облысының Достық үйі 2009 жылдың қыркүйегінде ашылған. Оның ашылуына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысқан. Бүгінде бұл шаңырақта облыстағы 17 этномәдениі бірлестік топтасқан. Тілдер бөлімі, дыбыс жазу студиясы, көрме залы бар. Мұндағы жұмыс қоғамдық бірлестіктермен, мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жүргізіледі.
Павлодар облысындағы Достық үйі 2008 жылдың 30 қыркүйегінде ашылды. Бұл Достық үйінің де ашылуына Елбасының өзі қатысқан.
«Достық деген ұғым біз үшін аса қастерлі. Біз көпұлтты елде тұрамыз. Бір ғана Павлодар облысының өзінде жүзден астам ұлт тұрады. Тәуелсіздік алғаннан бері мен бауырластық, өзара түсіністік, халықтар арасындағы достық саясатын жүргізіп келемін. Елдегі тұрақтылық пен тыныштық экономикамыздың қарқынды дамуына, адамдардың өмірінің жақсаруына оң ықпал етеді» - деген болатын бұл шарада Нұрсұлтан Назарбаев.
Аумағы 5800 шаршы метрлік ғимаратта 19 этномәдени орталықтың кеңселері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы орналасқан. Достық үйінің материалдық базасы да жақсы. Мұнда акустикалық және жарық құрылғыларымен жабдықталған акт залы, дайындық және би аудиториясы, оқу кластары, кітапхана мен музей бар. Ал 2010 жылы 300 орындық «Достық» концерт залы ашылған.
Бұл Достық үйлері Қазақстан Халқы Ассамблеясының барлық бағыты бойынша орасан зор қызмет атқарып отыр. Оның ішінде этномәдени бірлестіктерге қолдау көрсету, олардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыру механизмдерін анықтау, этникалық қауымдастықтардың дәстүрлі еңбек, кәсіп түрлеріне қолдау көрсету, этносаралық және конфессияаралық келісім мен ынтымақтастық, рухани бірлік пен патриотизм идеясын қалыптастыру және тарату, жастар арасында экстремизмге, расизмге, ксенофобияға жол бермеу, Қазақстанда тұратын этностардың жақсы салт-дәстүрлерін жаңғырту, насихаттау бағытындағы жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл – Достық үйлері атқарып келе жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Көп ұлтты мемлекетімізде Достық үйлеріне жүктелген жауапкершілік те көп, атқарар жұмыс та жеткілікті. Достық үйлері алдағы уақытта да бұл үдеден абыроймен шығады деген үміттеміз.