Өмір бойына сотталғандарға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бұл Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі тарихында бірінші рет, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ел аузында "Қара бүркіт" атанып кеткен мекемеде 11 адам жұмысқа орналасқан. Бұл елдегі өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар түсетін жалғыз түрме.
"Қылмыстық-атқару жүйесі тарихында алғаш рет өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарды жұмысқа тартып отырмыз. Жұмыс камераларын өзіміз жабдықтадық. Бұған дейін мұндай камералар болмаған", - деді ҚК 161/3 мекемесінің бастығы Нұрбек Қабдікәрімов.
Телеарна кейіпкерлерінің бірі аса ауыр қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған - Максим Хатмуллин. Ол түрмеде отырғанына жиырма екінші жыл болады. Жұмыс болмаған кезде тіл үйреніп, оқып, сурет салу техникасын меңгерген.
"Жұмыс мәселесі шешілді, бұл - үлкен жетістік. Мен үшін бұл көп нәрсе береді. Бұл тек ермек, ақша табу немесе басқа нәрсе емес. Қоғамға тәуелді емес екеніңізді түсінесіз", - деді Қылмыстық кодекстің 161/3 бабы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Максим Хатмуллин.
Сотталғандар Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс істейді: сегіз сағаттық ауысым, өтемақы және төленетін демалыс.
Бәріне темір тордың ар жағында кәсіппен айналысуға рұқсат берілмейді. Тігін машинкасына кім отыра алатыны психологиялық ерекшеліктеріне қарай таңдалды, тұтқындардың хоббиі ескеріледі.