Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру саласындағы бірқатар мәселені бар екенін жасырмады. Президенттің айтуынша, жұмыс берушілердің көбі әлі күнге дейін қызметкерлерінен еңбек кітапшасын, жеке парағы мен жазбаша өмірбаянын тапсыруды талап етеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Цифрландыру – мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығы. Мен жақында арнайы комиссияның отырысын өткіздім. Алдымызда тұрған жаңа міндеттерді айқындадық. Біз цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. Бұл үрдіс барлық саланы қамтуы тиіс. Бірнеше мысал келтірейін: қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ. Соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отыр, - деді Президент.
Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет. Осы мәселені Ұлттық кеңес мүшелері және басқа сарапшылар да көтеріп жүр, - деп атап өткен Президент Ұлттық кеңестің мүшелері Ләззат Қожахметова және Уайс Ерсайынұлы көтерген мәселеге айрықша тоқталды.
"Мәселен, Электронды үкімет базасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызмет түрлері енгізілген. Онда атаулы әлеуметтік көмек немесе көпбалалы анаға төленетін және жәрдемақы алатын азаматтар туралы мәлімет бар. Соған қарамастан жергілікті атқарушы органдар және білім беру мекемелері тұрғындардан мөр басылған қағаз анықтама талап етеді. Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтары осындай 2 млн-нан астам құжат берген. Қазіргі цифрландыру дәуірінде мұның еш қажеті жоқ. Қарапайым мәселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр, - деп атап өтті Тоқаев отырыста.
Мемлекет басшысы Электронды үкіметтің базасына әкімдіктердің, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керегін айтты. Сонда ХҚКО-лардың жұмысы жеңілдейді. Сондай-ақ азаматтардың уақыты үнемделеді.