2021 жылғы 16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сағат 21:38-де Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғандығы туралы хабарлама келіп түсті.
ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша өрт сөндіруге ТЖД-ның 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.
Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толықтай жалын шарпыған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метрді құрады.
Өрт сағат 22:35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілді.
Оқиға орнынан 3 адамның мәйіті табылды. Тағы 10 адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облыстық тергеу-жедел тобы және өрт зертханасы жұмыс істеуде.