$ 447.4  477.55  4.76

Алматы облысының полицейлері аса ірі көлемде ақша ұрлады деп айыпталды (ВИДЕО)

Дәлел ретінде туыстары қонақүйдегі бейнебақылау камераларына түсірілген кадрларды көрсетті.

Қарақшылық шабуыл жасаған күдіктінің туыстары Алматы облысының полицейлерін аса ірі көлемде ақша ұрлады деп айыптады. Бұл туралы "Астана" телеарнасы сюжетінде айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оқиға бір ай бұрын Есік қаласында болған. Жергілікті тұрғын жалға алған көлігін сатуға қойған. Келісімге келген сатушы сатып алушыны бірнеше жерден пышақтап, одан 10 миллион теңге алып, қашып кеткен.

Шабуылдаушы бірден ұсталды. Алайда ұрланған жалпы сомадан полиция іс материалдарына бір жарым миллион теңге ғана тіркелген. Қалған ақша із-түзсіз жоғалып кетті, дейді күдіктінің анасы.

"Ұлымды ұстауға қатысқан жедел уәкілдер баламда не барын және қайда екенін білді. Полиция қызметкерлері тұтқындау кезінде қонақүй бөлмесін ашатын карта мен кілтті алып кетті. Мен ұлымды ақтамаймын. Бірақ мен бұл ақшаның табылғанын қалаймын, оны жәбірленушіге беруім керек", - деді Жанар Мұқышева.

Дәлел ретінде туыстары қонақүйдегі бейнебақылау камераларына түсірілген кадрларды көрсетті. Олар бөлмеге азаматтық киім киген ер адам кіргенін көрсетеді. Осыдан кейін күдіктімен бірге жедел уәкілдер бөлмеге кіреді. Бірақ қонақүй бөлмесінде бүкіл сома болмайды.

 

"Ол қонақүйге еркін кіріп, бөлме есігін ашады, 15 минуттай болады да, шығып кетеді. Яғни, бұл дерек ақшаны үшінші тұлға ұрлағанын көрсетеді. Қонақүй әкімшілігінің айтуынша, қонақүй бөлмесін ашатын смарт-карта жалғыз. Бұл ақшаны ұрлауға полиция қызметкерлері қатысты деуге негіз болады", - деді күдіктінің адвокаты Рүстем Гаитов.

 

Күдіктінің туыстары полицейлерді жаңа смартфонды да ұрлады деп айыптап отыр.

"Деректер бойынша ПД Ішкі қауіпсіздік басқармасы Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Алматы облысы ІІД өкілдері.

Тонау және ірі көлемдегі ақшаны ұрлау дерегі бойынша 21 жастағы алматылық 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдіктінің отбасы ұрланған қаражат қайтарылады деп үміттенеді. Бұл жазаны біршама жеңілдетеді. Олар Бас прокуратураға арызданбақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары