Шортандыдағы жарылыстан зардап шеккен балалардың жағдайы белгілі болды. Күйік алған 10 адам ауруханаға жеткізілді, оның бесеуі бала. Бұл туралы Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"2011 жылы туған қыздың денесін 3 АБ дәрежелі, 60 пайыз (50 пайыз терең) күйік шалған: беті, бас терісі, мойны, екі қол, екі аяғы. Күйік - ауыр дәрежеде, термальгаляциялық зақымдану. Жасанды тыныс алу аппаратында, некротомия жасалды.
2009 жылы туған ұл баланың бет, бас терісін, мойын, қол-аяғы, арқасының 70 пайызын (40 пайыз тереңдікте) 3 АБ дәрежесіндегі термиялық күйік шалған. Бастапқы хирургиялық көмек көрсетілген. Болжам - ауыр жағдайда.
2016 жылы туған қыздың денесін 10 пайыз (5 пайыз терең) 3 АБ дәрежелі термиялық күйік шалған, көбінесе бас терісі, екі бөксесі және оң жамбасы. Күйік шок лейкоз дәрежесінде. Бастапқы хирургиялық көмек көрсетілді. Болжам - қалыпты.
2020 жылы туған ұл бала 20 пайыз (15 пайыз терең) 3 АБ дәрежелі термиялық күйік алған, екі аяқ-қолы, беті күйген. Күйік - ауыр дәрежеде. Күйік шалған жерлері таңылды. Болжам - қалыпты", - деді Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.
Сондай-ақ, әкімдік мәліметінше, 1987, 1988, 1964, 1981, 1988 жылы туған ересектер мен 2015, 2009, 2012, 2020, 2020, 2010 жылы туған балалар зардап шеккен. Қайтыс болғандар: 2017 жылы туған бала және 1989, 1988 жылы туған екі әйел.
Бұған дейін 16 қарашада Ақмола облысы Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылғаны хабарланған болатын. Жарылыстан 3 адам қаза тауып, 10 адам ауруханаға жатқызылған. Кейін зардап шеккендер арасында балалар бары айтылды.