Өзі ғана емес, перзенттерімен бірге мерт болған келіншектің неліктен мұндай қадамға барғаны әлі белгісіз. Көршілері ол үйдің балаларының бәрі ақылды екенін, күйеуінің де бейәдеп қылықтарын көмегенін айтты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қайғылы жағдай түскі сағат 12:00-лерде болған. Жерде қан-жоса болып жатқан адамдарды көріп, зәре-құты қалмаған көршілердің бірі жақын маңдағы дүкеннің сатушыларына хабар жеткізген.
Тура кіре беріс есіктің алдында келіншек пен үш бала жатты. Келіншектің өзі мен бір баласында үн жоқ. Ал екі бала басында қимылдап жатты. Өзімнің шамам келмей қалғасын, дүкенге кіріп, жедел жәрдем шақыруды өтіндім, - дейді осы үйдің 6-шы қабатында тұратын ер адам.
Ал осы үйде 7 жылдан бері тұратын Ғалия апайдың айтуынша, бұл аулада бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Артық-ауыс шу естімеген. Тіпті қаза болған келіншектің балаларымен аулада қыдырып жүргенін көрмепті.
Дүкендегі сатушылар болса бұл үйдің балаларының бәрі ақылды, кішіпейіл болатын дейді. Қыздары өздері келіп азық-түлік алады екен. Жолдасының да теріс әрекеттерін байқамаған.
Алматыда 9-шы қабаттан 3 баласымен секіріп өлген әйел туралы бұрынырақ жазған болатынбыз.
Әзірге оқиға орында құзырлы орган өкілдері жұмыс істеп жатыр. Бұл отбасыға қатысты қандай да бір нақты ресми мәліметтер жарияланған жоқ.