$ 443.85  474.3  4.8

Астанада бір айда 139 адамға менингит диагнозы қойылды

Астанада бір ай ішінде менингит деген күдікпен 160 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департамент мамандарына сілтеме жасай отырып.

«25 шілдедегі жағдай бойынша қаланың инфекциялық стационарларына менингит болуы мүмкін белгілермен 160 науқас жатқызылды. Клиникалық тексерістен соң 1 шілдеден бастап, 139 науқасқа «ұйыма менингит» деген бастапқы диагноз қойылды, 50 жағдай зертханалық жолмен расталды», делінген мәлімдемеде.

Департамент мамандарының мәліметінше, бұл - індеттің белең алуы емес, маусымдық көбеюі. Былтыр да осындай көрсеткіш тіркелген. Шілде айында ауруханаға түскендер көбейген. Ауру 95% жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеледі.

Мамандардың айтуынша, ұжымдарда жаппай ауыру деректері тіркелмегендіктен, шектеу шараларын енгізуге қажеттілік болмаған.

— Денсаулық сақтау басқармасы «Ұйыма менингит» диагнозы бар науқастарды дер кезінде ауруханаға жатқызуды қамтамасыз етіп отыр. Энтеровирустар туғызған ұйыма менингит кезінде кісі көп жиналатын орындарда дезинфекциялық шаралар жүргізу талап етілмейді, өйткені жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау аурудың қарым-қатынас немесе тұрмыстық жолмен жұғу қаупін жоққа шығарады,— дейді мамандар.

Вирусологиялық зерттеулер үшін субұрқақтардан 11, ашық суқоймалардан 16, ағын сулардан 10 сынама алынған. Кәріз суынан алынған бір сынамадан ғана энтеровирус анықталды, бұл - қалыпты жағдай.

Энтеровирустық инфекцияның алдын алу шаралары өткір ішек инфекциясынан сақтану жолдарымен бірдей: қайнаған немесе бөтелкеге құйылған ауызсуды ғана тұтынып, тамақтанар алдында қолды сабындап жуған дұрыс, дәретханадан шыққан соң жеке бас және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністі ыстық сумен жақсылап тазартып алып, жеу қажет. Ресми рұқсат етілген орындарда ғана шомылған дұрыс, шомылу кезінде су жұтпау керек, бей-берекет сауда орындарынан өнім сатып алып жемеген абзал. Мамандар тұрғындарға ауырған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігерге көрінуге кеңес береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары