$ 494.87  520.65  4.91

«Елімізде бос орындар көп болса да жұмысшы мамандықтарға ешкім қызықпайды»

Қазақстанда жұмысшы жастарға арналған «Еңбек адамы» байқауы басталды, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Қазақстанның жұмысшы жастары арасында өтетін «Еңбек адамы» байқауы басталды. Сайыстың қорытындысы биыл қыркүйектің ортасында шығарылады. Бұл туралы «Қазақстанның жұмысшы және ауыл жастары қауымдастығы» ұжымдық қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Байқау ҚР Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік тапсырысы аясында өткізіліп отыр.

— Шараның басты мақсаты — жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін өсіру. Біздің елімізде жастардың көбі экономист, заңгер болуға құмартатыны жасырын емес. Алайда, бос орындардың көптігіне қарамастан, жұмысшы мамандықтарға ешкім қызықпайтын болып барады. Елбасының өзі «Жұмыс адамды емес, адам жұмысты іздейді. Сондықтан бұл заңдылықты ұғынып, психологияны өзгерту қажет» деген сөзі осы жағдайға байланысты айтылған. Менің ойымша, аталған байқау арқылы біз жас мамандардың танылуына мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың мамандықтарының беделі көтеріле түсуіне де қол жеткіземіз, — деп атап өтті қауымдастық жетекшісі Анар Мәжит.

Шараны ұйымдастырушылар үздіктерді тау-кен, мұнай өндірістері, құрылыс, машина жасау, ТКШ және көлік жүйесі салалары бойынша анықтауды жоспарлап отыр. Байқауға қатысушылар ұйымдастыру комитетіне өтінім-анкетасын, жұмыс орнынан мінездеме және «Мен және менің жұмысым» атты таныстырылымын жіберуі тиіс.

Қазылар алқасы әр қатысушының өз өңірінің дамуына тигізген көмегін, жұмысына адалдығы мен кәсібилігін, ұйымдастырушылық және белсенділік қабілеттерін, сондай-ақ жұмысынан тыс уақыттағы шығармашылық қызығушылықтарын сарапқа салады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары