$ 494.87  520.65  4.91

Үш баласымен бірге көз жұмған келіншектің күйеуі есін жия алар емес

Бір күнде төрт адамынан айрылған Оразовтар отбасы ұлымыз да өз-өзіне қол сала ма деп қорқады.

Алматыда үш баласын терезеден лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен келіншектің ата-енесі «Келініміздің мұндай қадамға баруына жоқшылық себеп болуы мүмкін емес» дейді.  Тіпті сүйіп қосылған ерлі-зайыптының  арасында ұрыс-керіс  те болмағанын айтады. Олар енді ұлдарының өміріне де алаңдаулы. Баламыз өзіне қол сала ма деп қорқады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Бір күнде төрт адамынан айрылған Оразовтар отбасы ұлымыз да өз-өзіне қол сала ма деп қорқады. Бауырлары күндіз-түні қасында, бір елі ажырап жатқан жоқ деді Нұрсұлтанның әкесі. Қазір ол Алматыдан мәйіттерді елге әкеле жатқан көрінеді. Үш немересі мен сүйікті келінінен айрылып, есеңгіреген Бауыржан Оразов «Гүлім» деп еркелеткен келінінің мұндай қадамға қалай барғанын түсіне алар емес.

«Екеуі өзі сүйіп үйленді, сүйіп алды, үш балалы болды. Нұрсұлтан балам да жаман бала деп айтпаймын. Көршілерім, жора-жолдастары біледі, ішпейтін, шекпейтін бала. Келін де алтын адам еді», - дейді марқұмның туысы Бауыржан Оразов.

Нұрсұлтан – отбасының тұңғышы. Әкесінің айтуынша, базарда сауда-саттық жасайды. Келінімнің суицидке баруына жоқшылық себеп болды деуге негіз жоқ дейді. Несиелері де жоқ көрінеді. 26 жыл ішкі істер саласында еңбек еткен азамат келінінің қалдырған хатында кімдерді меңгезені өздеріне де жұмбақ болып тұрғанын айтады.  

«Бұл өмірдің тауқыметіне шыдай алмадым. Бірақ ешкімге қояр кәнім жоқ. Бірақ кінәлілер өздері біледі» деп жазып кетіпті дейді. Оған менің де басым жетпеді. Не болды, не қойды? Менің де басым жетпей жатыр», - дейді Бауыржан Оразов.

«Арақ ішпейді, темекі шекпейді. Мінезі салмақты. Келінге ұрысып, айқайлап жатқанын көрген емеспіз. Құдайға шүкір, жағдайы жақсы ол баланың. Мысалы, бала-шағасының бәрін киіндіріп, бәрін әперіп жататын. Бізге келіп, нанға ақша берші деп жатқан жоқ. Не болғаны өзімізге құпия болып тұр», - дейді марқұмның ағы бір туысы Ғалымжан Оразов.

Ал анасының шешімімен көкке ұшып кете барған үш періштенің үлкені биыл ғана бірінші сыныпқа барыпты, екінші қызы дайындық тобында оқыған. Ал кенже ұл  жақында екі жасқа толар еді деп атасының көкірегі қарс айрылады.  Бауыржан Оразовтың айтуынша, ұлы мен келіні үйленгелі Алматыда тұрады. Тамыз айында ғана мектепке жақын болсын деп тоғызыншы қабаттағы пәтерді 120 мың теңгеге жалға алыпты. Балалардың қауіпсіздігі үшін терезесіне тор орнату керек екен деп айтқан да екен. Ойында ештеңе жоқ, «алғашында  немерелерім қолымда оқыса деген тілегімді де айтқанмын, бірақ жастар құлақ аспады» деген өкініші де бар әкенің.  Бұл жантүршігерлік  оқиға бүкіл ауылды дүр сілкіндірді.   

«Кәусар деген қызы бар еді, қыршын кетті байғұс. Ешқандай жаманшылық көрген емеспіз. Өте қайғылы жағдай болды. Үш перзенті бірдей өз жатырынан шықты ғой. Әулет болып, көрші-қолаң болып, 27 жігіт боп жер қазып жатыр. Бізге өте ауыр тиді», - дейді көршісі Ержан Қошқаров.

Ал марқұм Бахтыгүл Қыдырбаеваның ата-анасы да Шымкент қаласында  тұрады. Кей ақпарат көздерінде анасы қызының өзімен қоса үш перзентін өлімге қиюына күйеу баласын кінәлайтынын айтты деп тарап жатыр. Бірақ оның рас-өтірігін анықтау мүмкін болмады. Қызынан айрылып, жүрегі қарс айрылған ана есін жоғалтып, қайта-қайта жедел жәрдем шақыртып жатырмыз деген туыстары сұхбат бермеді. Марқұмдардың денесі ертең Қазығұрт ауданында жер қойнына тапсырылады.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары