Елордада сауда ойын-сауық орталығында көз жұмған 28 жастағы қызға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz.
Сауда орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол мұнда осы жылдың сәуір айынан бастап күзетші боп жұмыс істеген. Денсаулығында кінәрат барын байқамағандарын айтады. Орталық басшылығы марқұмның жақындарына көңіл айтып, барлық шығынды көтеретіндерін жеткізді.
“Ол биылғы жылдың 19 сәуірінен бастап жұмысқа кірген. Жұмыс істеген аралықта денсаулығына байланысты шағымданған жоқ, жұмыстан босату бойынша, ешқандай медициналық көмекке жүгінбеген”, – дейді сауда, ойын-сауық орталығының PR менеджері Дана Ысқақова.
Куәгерлердің айтуынша, қыз кенеттен ес-түсінен айырылып, құлаған, артынша дірілдеп, селкілдей бастаған. Сауда ойын-сауық орталығындағы медицина пунктінің қызметкерлері алғашқы көмек көрсеткен.
Қалалық полиция департаменті оқиға туралы пікір білдірді.
“Жедел жәрдем бригадасы 102 арнасына қоңырау шалып, сауда, ойын-сауық орталығында тіршілік белгісі жоқ 28 жастағы әйелдің мүрдесі табылғаны туралы хабарлады. Аталған факті бойынша Есіл аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бірқатар сараптама тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді қалалық полиция басқармасы.
Қазіргі таңда мәйітке қатысты судмедэкспертиза жүргізілуде.
“Мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Ештеңе белгісіз, судмедэкспертиза жүргізуі тиіс. Неден болғанын қалай болғанын, не себепті құлағанын анықтау керек. Қазір бұл дерек бойынша тергеу басталды. Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр”, дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әйгерім Ардақ.
Еске салсақ, осыған дейін Нұр-Сұлтандағы Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығында қыз бала көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.