Жаңа жылдан бастап мүгедектігі бар адамдардың, бала күтімі бойынша үйде отырған әйелдердің, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын және ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі жалақы деңгейіне дейін ұлғайту қажет. Бұл бастаманы мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақыны 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге немесе 41%-ға өсіруді тапсырды. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйінде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды", – деді депутат.
Оның сөзінше, жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай емес және сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайды.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда болуы алаңдатады. Халықты қорғап, үкімет пен Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің алдына мәселе қоюдың орнына министрлік бюджет қаражатының тапшылығына сілтеме жасайды. Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту қажет деп санаймыз", – деді Ерлан Смайлов.