«Еуразия» бірінші арнасының хабарлауынша, ауыл тұрғындарының бірінің 74 тауығы, көршісінің 35 тауығы қырылып қалған. Тағы бір көршісінде бір апта ішінде Ломан Браун тұқымды 200 тауық қырылып қалған, деп хабарлайды Orda.kz.
– Белгісіз індет салдарынан Петропавловка ауылының көптеген шаруа қожалықтарында тауықтар қырылған. Мұндай жағдай ешқашан болған емес. Биыл ғана жаздың соңы мен күздің басында басталды, – дейді Петропавловка ауылының тұрғыны Сергей Попов.
Ауыл тұрғындары тауықтың ауырған кезде орнынан тұрмай, ас-суға бет бұрмай, жиі түшкіретінін айтады. Тауықтар тез және жаппай қырылып қалған.
Жергілікті билік мамандарды сараптамадан өткізуге жіберіп қойған. Қазіргі уақытта олар сынақ нәтижесін күтуде.
– Халық мүлдем сауатсыз. Тауық ауруы туралы ветеринарға хабарланбайды. Осыған байланысты ветеринар соңғы сәтте ғана жағдайды жазып алады. Іс жүзінде бұл ауру Ньюкасл ауруына ұқсас, – дейді Қарғалы ауданы ветеринарлық станциясының директоры Серік Ақниязов.
Ньюкасл ауруы адамдар үшін қауіпті емес екені айтылды.