Шымкенттегі мектептердің бірінде дене шынықтыру сабағынан кейін жетінші сынып оқушысының жағдайы нашарлаған. Балаға жедел жәрдем шақырылғанымен, ол ауруханада қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
№1 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты директорының айтуынша, оқиға 19 қарашада болған. Дене шынықтыру сабағында жетінші сынып оқушысының жағдайы нашарлаған. Мұғалім баланы жеке кабинетіне апарып, жағдайын мектептің медицина қызметкеріне айтқан.
Тексеруден кейін бірден балаға жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер баланың анасына алдын ала хабарлап, ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарған.
"Жедел жәрдем баланы ауруханаға жеткізді. Бала жансақтау бөлімінде жатты. 20 қарашада таңертең анасына телефон шалып, жасөспірімнің жағдайын сұрағанда, ұлы түнде қайтыс болғанын айтты", - деді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
Ол дәрігерлер оқушыға жедел жүрек-өкпе жеткіліксіздігі диагнозын қойғанын айтты.