$ 446.49  475.38  4.79

Алматылықтар COVID-19 вакцинасының үшінші дозасын ала бастады

22 қарашадан бастап барлық қалалық емханаларда ревакцинация науқаны басталды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында №7 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков мәлімдеді. Алматы қаласы бойынша екі күн ішінде 315 адам қайта вакциналанды.

- 22 қарашадан бастап барлық қалалық емханаларда ревакцинация науқаны басталды. Бүгінде екпені медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті, 60 жастан асқан және иммунитеті төмен адамдар ала алады, - деді емхана бас дәрігерінің орынбасары.

Н. Жұмабековтың айтуынша, ревакцинация бұрын жасалған екпенің төмендеген тиімділігін қайтарады және жоғарылатады. Сонымен қатар, ол векторлық вакциналарды енгізгеннен кейін – 9 айдан кейін, ал белсенді емес вакциналар мен м-РНҚ вакциналарынан кейін – 6 айдан кейін жасалады.

Ревакцинация туралы айта келе, Н. Жұмабеков егілмеген халықты вакцинаның екі компонентін алуға шақырды. Осы уақытқа дейін вакцинадан бас тартқандар үшін ол реанимацияға экскурсия жүргізуді ұсынды, онда коронавирус жұқтырған адамдар өмір үшін күресуде.

- КВИ-ге қарсы вакциналау басталғаннан бері бір жылға жуық уақыт өтті және барлық скептиктер оның арқасында аурудың таралу қарқыны тоқтағанын түсінді. «Жасыл аймаққа» кіретініміз – бұл вакцинация нәтижелерінің бірі, - дейді дәрігер.
Ол сонымен қатар тұмауға қарсы иммундауды ұсынады, бірақ тұмау мен ковидке қарсы вакцинаны бір мезетте алмаған жөн, олардың арасындағы интервал кем дегенде 14 күн болуы керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы