Алматы облысына қарасты Талғар қаласында жүргізуші жүргіншілер өткелінде үш оқушы қызды қағып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Оқиға бүгін таңғы сағат 7:30 шамасында болды. Балалар жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан. Үш оқушыны "Гольф" жүргізушісі қағып кеткен. Соңғы мәлімет бойынша, жүргізуші 47 жаста. Тергеу жүріп жатыр. ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігі, яғни денсаулыққа зиян келтірген жазатайым оқиға", - делінген хабарламада.
Полицейлердің айтуынша, жүргізуші оқиға болған кезде ішімдік ішпеген, оның көлігі арнайы тұраққа қойылған.
Жамбыл Жабаев атындағы №6 мектептің 7-сыныбының екі оқушысы мен 3-сыныптың бір оқушысының жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккені атап өтіледі. Балаларға медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем оларды аудандық ауруханаға жеткізді.