Солтүстік Қазақстанда көшеде алақан жайып жүрген 76 қайыршы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысы 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Еліміздің заңнамасы бойынша мұндай әрекетке тыйым салынған, деп хабарайды Azattyq Rýhy тілшісі.
СҚО полицейлері қарашаның 22-сі мен желтоқсанның 1-і аралығында «Stop-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы режимінде жұмыс істеуде. Оның мақсаты – адам саудасымен байланысты қылмыстарды анықтау, жолын кесу және ашу. Адамдарды сатумен айналысуы және сексуалдық пайдалануы ықтимал деген объектілер, сауналар, көңіл-көтеру орындары, фермерлік шаруашылықтар тәртіп сақшыларының ерекше назарында.
Петропавлдық сауналардың бірінде жеңгетайлық фактісі анықталды, тағы бір әкімшісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 450-бабымен, жеңгетайлыққа үй-жайлар ұсынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жедел профилактикалық шара барысында полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК 449-бабы «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша 76 хаттама толтырды.
«Тиісу ұғымына қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру кіретінін еске саламыз. Қайыршылық құқық бұзушылық болып табылады және 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салу түріндегі жазаны қарастырады», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.
Мамандардың айтуынша көшеде қайыр тілеушілердің барлығы бірдей көмекке мұқтаж емес. Олардың қатарында еңбекке жарамды болса да, осындай өмір салтын әдетке айналдырғандар бар.