Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары туралы қорытынды бейнеролик жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Видеоны Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook -тегі парақшасында жариялады.
«Женеваға сапар барысында Мемлекет басшысы Швейцарияның Федералдық Президенті Ги Пармеланмен келіссөз жүргізді. Оның қорытындысы бойынша бірқатар үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясында сөз сөйлейді, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесулер өткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Швейцария арасындағы инвестиция жөніндегі дөңгелек үстел отырысына қатысты», делінген хабарламада.