02.12.2021, 14:20

«Мектептерде жаңажылдық ертеңгіліктер болмайды» - Асхат Аймағамбетов

Фото: ашық дереккөз
Сондай-ақ, министр "омикрон" штамының таралуына байланысты мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру туралы айтты.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде жаңажылдық ертеңгілік өткізуге қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ертеңгіліктер мен басқа да бұқаралық іс-шараларға келетін болсақ: олар мектептерде өткізілмейді. Бас санитаия дәрігерінің шешімі бар, біз бұл шешімдерге бағынамыз. Сондықтан мектептерде ертеңгіліктер немесе басқа да бұқаралық іс-шаралар болмайды. Мерекелерді бір сынып ішінде өткізу туралы шешім мектеп әкімшілігі деңгейінде қабылданады", - деп жауап берді ведомство басшысы Сенат отырысында.

Сондай-ақ, министрге "омикрон" штамының таралуына байланысты мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.

"Бұл туралы айтуға әлі ерте, біз ведомствоаралық комиссияның шешімдері аясында жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта қорытынды шығаруға ақпарат жеткіліксіз", - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов