Павлодар облысындағы үйлердің бірінен үш бірдей адамның мәйіті табылды деп хабарлайды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі. Алдын ала болжам бойынша, марқұмдар ыстан уланып қалған.
"3 қараша күні кешкі сағат 19:40-та көршілерінің бірінен шақырту түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқиға орнына келіп, үй ішінен үш мәйітті тапты. Олардың бірі 1944 жылы туған әйел, екіншісі 1985 жылғы ер азамат және 5 жасар бала. Қайтыс болғандардың бәрі бір-біріне туыс болып келеді", - дейді Павлодар облыстық ТЖД-нің бас маманы Марал Сағынаева.
Үйде тағы 32 жастағы әйел де болған. Оны ес-түссіз күйде ауруханның жансақтау бөліміне жеткізген. Қазір оның өкпесі жасанды демалдыру аппаратына қосылған. Ағзасы ыстан тазалануда.
Айта кету керек, Павлодар қаласының жер үйлер орналасқан аудандары 15 қыркүйектен бері көмір жағып жылынуда. Сол уақыттан бері пештен шыққан өрттердің салдарынан барлығы 7 адам ажал құшқан. Олардың бірі кішкентай бала. Тағы 12 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты.