Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасында дрон арқылы фото, видео түсірілім жасауға тыйым салынды. Енді тарихи орын аумағында түсірілім жасау үшін құзырлы органдардың арнайы рұқсатын алу қажет, деп хабарлайды Экспресс К. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегілердің айтуынша, мұндай шешім тарихи ескерткіштерді қорғау мақсатында қолға алынып отыр.
"Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасында дрон аппараты арқылы фото, видеоны рұқсатсыз түсіруге тыйым салынды. Бұл шешім халық көп шоғырланатын аймақтың қауіпсіздігі және тарихи ескерткіштерді қорғау мақсатында маңызы зор", — деп атап өтті тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз хатшысы Мадина Сабыр.
Пилотсыз ұшу аппаратын күзетілетін объектілердің үстінен ұшыру Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметімен кемінде 5 жұмыс күні бұрын мақұлдануы тиіс.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорғау аймағы 88,7 гектар жерді құрайды. Аталған аумаққа Қожа Ахмет Ясауи, Рәбия Сұлтан Бегім кесенелері мен сегіз қырлы сағана, жерасты қылуеті, жұма мешіті, Күлтөбе қалашығы, хан ордасы мен хан мешіті сынды тарихи объектілер кіреді.