Қазақстан – өз территориясында өмір сүріп жатқан түрлі этностардың барлық жағдайын жасап отырған мемлекет. Елімізде түрлі ұлттардың мектебі, мәдени бірлестігі, театры ғана емес, мерзімді басылымдары да бар. Күні бүгін елімізде 13 этно басылым жарық көреді екен. Оның ішінде күрд, корей, ұйғыр, өзбек, неміс газеттері бар, деп жазады Skifnews порталы.
«Коре Ильбо» республикалық корей газеті («Корей күнделігі») корей және орыс тілдерінде шығады. Ең алғашқы саны «Сенбон» деген атаумен 1923 жылы жарық көрген. Редакциясы Алматы қаласында орналасқан. Нұр-Сұлтанда тілшілер қосыны бар.
Өзбек ұлтының бір емес, үш бірдей басылымы жарық көреді. «Адабиётвасанъат» республикалық газеті, ай сайын шығатын «Жанубий Қозоғистон» және апта сайын шығатын «Сайрам Садоси» газеттері орыс, өзбек және қазақ тілдерінде ақпарат таратады.
Ал ұйғыр этносының екі басылымы бар. «Уйғуравази» республикалық қоғамдық-саяси газеті апта сайын Алматыда шығады. «Жаркент өңірі» газеті ай сайын жарық көреді.
«Жйина курд» республикалық күрд газеті оқырманға жылына бір рет жол тартса, апталық «Deutsche Allgemeine Zeitung» (DAZ) республикалық неміс газеті орыс және неміс тілінде шығып келеді.
Бұлардан бөлек «Ahiska» түрік этномәдени орталығының апталық газеті бар.
Бұл басылымдардың барлығы елімізді мекен еткен ұлттардың тілі мен мәдениеті жайлы материалдарды тұрақты түрде жариялап, сол ұлттардың ұлт ретінде жойылып кетпей, керісінше өнерін, мәдениетін, тарихын сақтауына үлес қосып келеді.