$ 443.85  474.3  4.8

«Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасын іске асыруға 25 млрд теңге бөлінуі мүмкін

Палата депутаттары аталған Заң жобасын мәжілістің бірінші оқылымында мақұлдады.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Мәжіліс депутаттары биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды болдырмау және алдын алуға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған Заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жоғарғы палатаның отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіп-қатерлердің негізгі көздердін атап өтті.

«Биологиялық қауіп-қатерлердің негізгі көздері мыналар болып саналады: аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары (мұндай ошақтар ел аумағының жартысынан астамын алып жатыр, сондай-ақ іргелес аумақтарда да бар); халық пен жануарлардың белсенді қозғалысының, тауарлар айналымының нәтижесінде қауіпті инфекциялардың әкелінуі; патогенді биоагенттерге рұқсатсыз қол жеткізу, олардың реттелмейтін және еркін айналымы; төтенше жағдайлар және терроризм актілері нәтижесінде жоғары қауіпті көздерге әсер ету; биоқауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі», -деді ол.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, аталған қаіп-қатерлердің алдын алу үшін Заң жобасында тиімді жүйе қарастырылған.

«Заң жобасында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы; биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын талаптарды біріздендіру; микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін регламенттеу; үйлесімді мемлекеттік басқару жүйесін құру; патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтеудің бірыңғай жүйесін құру; биотәуекелдерді басқару жүйесін енгізу; биологиялық қауіп-қатерлерді болжау жүйесін құру; профильді қызметтер мен халықтың төтенше ықтимал жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету; мемлекеттік реттеудің превентивті функциясын күшейту шеңберінде реттеу ұсынылады», - деп нақтылады Алексей Цой.

Белгілі болғандай, республикалық бюджеттік комиссия Заң жобасын іске асыруға шамамен 25 млрд теңге мөлшерінде 2022-2024 жылдарға арналған шығыстарды мақұлдады. Аталған қаражат бейінді қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, мемлекеттік зертханалық базаны қосымша жарақтандыру, биоқауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру және жүргізу, микроорганизмдер коллекциясын ұстап тұру шығыстарын өтемек.

Палата депутаттары аталған Заң жобасын мәжілістің бірінші оқылымында мақұлдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#заң #Мәжіліс