$ 447.4  477.55  4.76

«Қызметкеріміз қателесті»: министрлік зейнетақы жинағының шекті мөлшеріне қатысты мәлімдемесін жоққа шығарды

Осы орайда министрлік мамандары зейнетақы жинағының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін әзірлегенін тағы бір мәрте растап, алдағы уақытта оған өзгеріс енгізілмейтінін жеткізді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшеріне қатысты мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейінгі ресми хабарламада министрлік зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ең төменгі жекткілікті шекті есептеу әдістемесін әзірлегенін, бірақ барлық есеп-қисапты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жасайтынын мәлімдеген.

Заң бойынша бірыңғай оператор халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізуге міндетті. Ал "еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ондай құзірет жоқ, сондай-ақ, БЖЗҚ есептеген жеткілікті шектің дұрыстығын растай алмайды" деген ақпарат таратылды. Осы хабарлама министрліктің ресми сайтында жарияланды. Бірақ біршама уақыттан кейін оны алып тастады.

Министрлік бүгінгі мәлімдемесінде кешегі мәлімдемесін жоққа шығарып, түсініктеме берді.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың 7 желтоқсанында таратылған баспасөз релизінде зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін белгілеу мәселесінде министрлік құзыретіне қатысты бұрыс тұжырымға жол берілгенін хабарлайды. Осы баспасөз релизін министрліктің ресми сайтында, аккаунттарында және әлеуметтік медиада жариялаған қызметкерге тиісті тәртіптік жазалау шаралары қолданылды", - делінген ресми хабарламада.

Осы орайда министрлік мамандары зейнетақы жинағының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін әзірлегенін тағы бір мәрте растап, алдағы уақытта оған өзгеріс енгізілмейтінін жеткізді.

"Өйткені оның қазіргі нұсқасы қазақстандықтарға болашақ зейнетақы төлемдерін қолайлы деңгейде қамтамасыз етудің қажетті өлшемдеріне толық сәйкес келеді", - дейді мамандар.

Әдістемеге сәйкес, жеткіліктілік шегін есептеудің негізгі параметрлерінің бірі - жыл басындағы ең төменгі жалақы мөлшері. Ал 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000-ға дейін көтеріледі. Осыған байланысты жеткіліктілік шегі де автоматты түрде қайта есептеледі.

Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесі 2020 жылы әзірленіп, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысымен бекітілген.

"Еңбекмині әзірлеген әдістемені бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау кезінде көзделген барлық қажетті рәсімдерден өтті:

    әдістемеге енгізілген параметрлерді әзірлеу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жұмыс топтарының бірнеше отырысы өткізілді;
    2020 жылғы 29 қарашада Ашық НҚА порталында жария талқылау өтті;
    2020 жылғы 4 желтоқсанда ол Еңбекминінің интернет-ресурсында орналастырылды, онда 10 күн ішінде оған пікірлер мен ұсыныстар жиналды;
    барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өткізілді", - делінген сайтта.

Әдістеме келесі көрсеткіштерді қамтиды:

    БЖЗҚ табыстылығының жылдық пайыздық мөлшерлемесі;
    БЖЗҚ-жан төленетін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі;
    ең төменгі зейнетақы мөлшерін индекстеу мөлшерлемесі;
    жыл сайынғы индекстеумен жалақының ең төменгі мөлшері;
    ең төменгі мөлшердегі базалық зейнетақыны есептеу үшін индекстеуді ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері;
    міндетті зейнетақы жарналарының болжамды жиілігі;
    зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бастапқы және шекті жасы.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары