Азаттық радиосының хабарлауынша, ол 15 жыл бұрын көмек сұраған Арон Атабектің сөзіне арбалып, істің байыбына бармай, артынша опық жеген.
– Басында түсіндірген кезде ол кісі керемет шешен болды. Елпілдеп кеттім. Шынымен қызу кірістім. Шаңырақтың мәселесін парламент қабырғасында кәдімгідей қозғадым. «Бекболат, сен эмоцияға салынба, тұра тұр, бұл нәрсені тексеріп ал!» дегендер болды. Мен тексерместен кірістім. Сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты парламентке шақырдым… Кейін маған түсіндірген кезде істеп жатқан нәрселердің барлығы қарап отырсақ, шынында да бәрі дәлелденген, айтып отырған айғақтардың барлығына көзімді жеткізді, – деді депутат.
Ол сөзінің арасында сол кезде бұрынғы Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен кездескенін, сондай-ақ, ол өзінің Шаңырақ ісі бойынша сотқа шақырылмағанын айтты.
Еске салсақ, бұған дейін құқық қорғаушылар Арон Атабек депутат Бекболат Тілеуханның көмекшісі болғанын мәлімдеген.
Арон Атабек 2007 жылы Шаңырақта тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айрылған. Жақында денсаулығына байланысты жазасы жеңілдетіліп, босатылған. Араға екі ай салып, 24 қараша күні диссидент ақын көз жұмған.
sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын instagram, telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.