Түркістан облысының жүргізушілері бензин таппай сандалып жүр. Көп жанар-жағар май құю бекеттерінде сұйық отын жоқ. Ал, барлары тек талонмен үлестіруде, деп хабарлайды “Астана" арнасы.
Түркістан облысындағы жанармай құю бекеттерінде ұзан-сонар кезек. Тіпті жедел жәрдем көліктері де кезек күтуге мәжбүр.
“5 жанармай бекетіне бардым, бесеуінде де бензин жоқ. Біреуінде кезек, көшеге дейін шығып кеткен. Sinoil-ға келсек, бұлар да 92-ні талонмен ғана беремі дейді. 95-ті 205-тен деп қымбаттатып жатыр. Енді қымбаттатудың амалын жасап жатыр ма түсінбедім”, – дейді облыс тұрғыны Қамбар Балқыбеков.
Облыс әкімінің орынбасары сұйық отынның тапшылығына Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының уақытша жөндеуге тоқтап тұрғанын сылтау етті. Мәселені шешу үшін Шымкенттегі зауыттардың бірінен жанар-жағармай сатып алып жатырмыз деп ақталды. Жұмысы тұралап қалғандардың көбі - ұсақ май құю бекеттері. Бұған ақылы жолдар себеп деді Рашид Аюпов.
“Энергетика министрлігі мен ШНОС-тың айтуына қарағанда мәселені 2 күнде толық шешеміз деген. Яғни бүгін немесе ертең бұл мәселенің бәрі шешіледі. Демалыс күніне дейін алыс орналасқан Мақтаарал, Шардара, Жетісай аудандарына жеткізетін боламыз. Қазір сұраныс кезінде жинаудың қажеті жоқ”, – дейді Рашид Аюпов.